Маңғыстау облысының Еңбек мобильділігі мен мансап орталығының өкілдері Қозыбаев университетінің студенттерімен кездесті. Олар Ерікті қоныс аудару бағдарламасы мен жұмыспен қамту жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-сапармен келген делигация бағдарлама аясында солтүстік өңірдегі бос жұмыс орындарын анықтау, бұрын қоныс аударған отбасылармен кездесіп, алда қоныс аударуға ниет білдірген отбасыларға қолдау көрсету мақсатында келіп отыр.
Қозыбаев университеті осы бағыт бойынша Маңғыстау өңірінен үшінші жыл қатарынан студенттерді қабылдайды. Басқосуда ЖОО басшылық құрамы университеттің білім беру бағдарламалары мен Маңғыстау облысынан келген студенттердің өмірі мен білімі туралы ақпарат берді.
«Қазіргі таңда университетімізде батыстан 50-ге жуық балалар білім алады. Маңғыстау облысына нақты білім беру бағдарламалары бойынша квоталық гранттар бөлінді. Университетіміз жылына екі рет осы облыстың мектептері мен оқу орындарына кәсіптік бағдар жұмыстарын жүргізеді»,- деп Академиялық мәселелер жөніндегі Басқарма мүшесі Айгүл Нурпеисова бөлісті.
Еңбек мобильділігі орталығынң директоры Улбазар Орынбаеваның айтуынша, көші-қон саясаты міндетті түрде керек. Солтүстік өңірде ауыл және мал шаруашылығын қолға алуды ниеттенген азаматтарға мал басын көбейтуге қолайлы жағдай жасалған: «Қозыбаев университетінің студенттерге беріп жатқан мүмкіндіктері жоғары. Себебі екі диплом алып шығу мүмкіндігі көптеген басқа ЖОО-да қарастырылмаған. Солтүстіктің табиғаты қолайлы. Сондықтан білім алушыларға осы аймақта қалып, жұмыс істеп, өз шаруашылықтарын басқаруға мүмкіндік береді. Мұнайлы,Бейнеу аудандары сияқты халық көп шоғырланған жерлер бар. Енді осы аймақтарға кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізіп студенттер мен оқушыларды тартамыз. Бүгін кездесуде білім алушылардың ұсыныстарын да тыңдадық».
Келген қонақтар оқу зертханалық корпусы мен 1200 орындық жаңа жатақхананы аралап, студенттердің тұрмыстық жағдайымен танысты.