Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толды. ҚХА еліміздің тұрақтылығын, бірлік пен келісімді нығайтуға және Қазақстанда тұратын 130-дан астам этностардың өзіндік мәдениетін сақтауға бағытталған.Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, мемлекеттік тіл мен өзге этностардың тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға үлес қосты. Ағымдағы жылдың тамыз айында Қозыбаев университетінде Студенттер ассамблеясы құрылды.
Біздің университеттің білім алушылары да «Жастар Ассамблеясы» РҚБ құрамына кіреді. ЖОО-да 10 жылдан астам уақыт бойы студенттер арасында, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша жан-жақты жұмыс жүргізетін ҚХА кафедрасы жұмыс істейді. Оқу ордамызда «Елдесу және татуласу» арнайы жобасы аясында ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы мен ҚХА республикалық этномедиация кеңесінің өкілдері студенттермен кездесу өткізді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймульдинов қатысушыларға бүгінгі күні жалпыұлттық бірлік пен келісімді дамытудағы ерекше маңызын атады: «Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV-сессиясында ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту біздің мемлекеттік саясатымыздың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл елімізде бейбітшілікті, төзімділікті, достық пен бірлікті сақтауға бағытталған тұрақты жүйе».